16
қараша
2026
«Қазіргі заман қызы: ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарас» тақырыбындағы аналар форумы
«Қазіргі заман қызы: ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарас» тақырыбындағы аналар форумы
М. Жұмабаев атындағы №21 орта мектепте «Қазіргі заман қызы: ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарас» тақырыбында аналар форумы ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты – ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптей отырып, заманауи қоғамдағы қыз баланың рөлі мен орнын айқындау, қыз тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту, оқушы, ата-ана және мұғалім арасындағы үштік одақтың маңыздылығын көрсету.
Іс-шараға Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Үкібасов Қайрат Исаұлы, Тараз қаласы ата-аналар комитетінің төрайымы Рысбаева Ғалия Орынбайқызы, М. Жұмабаев атындағы №21 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Төлепбергенов Саят Тұрсынханұлы, №60 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Капбарова Гүлпар Капбаровна, ардагер ұстаз, аяулы ана Палжерова Ұлбосын және мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысты.
Форум барысында қыз бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар, отбасының бала қалыптастырудағы рөлі, заманауи қоғамдағы қыз баланың өзіндік орны мен жауапкершілігі кеңінен талқыланды.
Қатысушылар үш топқа бөлініп, қыз тәрбиесіне қатысты өз ой-пікірлері мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар «Тәрбиелі ұрпақ өсірудегі негізгі үштік одағы» тақырыбында пазл құрастыру арқылы ата-ана, мектеп және оқушы арасындағы бірліктің маңыздылығын көрсетті.
Форум аясында мектеп психологы Бейсекова Перизат Маденовна психологиялық бағытта ой қозғап, қыз бала тәрбиесіндегі рухани қолдау мен өзара түсіністіктің маңыздылығына тоқталды. Іс-шара Смағи Нұрайдың жетіген аспабында орындаған «Бозторғай» музыкалық шығармасымен және тақырыптық бейнероликпен толықтырылды.
Кездесу соңында қатысушылар форумның маңыздылығын атап өтіп, қыз тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екеніне назар аударды.
«Ана тәрбиесімен сусындаған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи біліммен қаруланған қыз – елдің ертеңі!»
Осындай мазмұнды кездесулер өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
https://www.facebook.com/share/v/1DX7m9Lc5t/